Павлодар облысының білім беру басқармасы

Электрондық поштасы - kense.do@pavlodar.gov.kz

Қабылдау бөлмесі – 8 7182 32-09-65

Сенім телефоны:
8 7182 320560
Call-орталығы - 650060


 

ТӘЖІБАЙ РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ ШАЙМЕРДЕНОВ

Shaimerdenov    Тәжібай Рахметоллаұлы Шаймерденов 1928 жылы 15 ақпанда Баянауыл ауылында туған. 1946 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін, Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогика инстинутының факультетіне түсіп, оны 1950 жылы үздік дипломмен бітіреді. Институтта оқып жүрген кезеңдердің өзінде-ақ, қоғам жұмысына белсене қатысады. Өзі оқыған бөлімде староста, факультеттің комсомол комитетінің хатшысы, жылма жыл өтіп тұратын студенттік ғылыми- зерттеу жұмыстары сайысының жүлдегері болып, институт басшыларының көзіне түседі. Оқу үздігі болғандықтан жоғарғы стипендия тағайындалады. 1949 жылғы қараша айында Алматы қаласының Фрунзе аудандық партия комитетінің бюросы жас студентті партия қатарына қабылдайды. Ол кезде партия қатарына интеллигенция қатарынан алу сирек болатын. Өйткені, орталықтың басты саясаты партия қатарына мақсаты мықтап қойылатын бетбұрыс болатын.
Студенттер арасынан бірен-саран партияға өту жолы көп сатылы болатын. Алдымен факультет бюросы, оның жиналысы, одан соң институттың партия бюросы, жалпы жиналысы өткеннен соң барып, аудандық партия комитетінің бюросы бекітіп, қолына билетін беретін. Міне, осындай сатылар мен сүзбеден өтіп, жас студент партия қатарына алынған. Бұл жайт жас азамат үшін сол кездің өзіне қарағанда, үлкен құрмет пен қандай іс болғаны және өз ісіне жауапкершілікпен қарауға бағытталған жол іспетті болғаны шындық. Тәжібай Рахметоллаұлы институтты бітірер алдындағы кейбір жәйттерді еске алады:
 Бірде факультет деканы шақырып алып, Сізді Мәскеудегі академия жанындағы философия институтына емтихансыз аспирантураға беруді ұсынып отырмыз, қалай қарайсыз, деген сұрауына бірден қарсылық білдіріппін, бұл жауабымның қателігін кейін түсіндім. Мұндай ұсыныс қол жетпейтін арман екенін, ол кезде бағалай білмеппін. Сәуір айының бас кезінде институт бітірушілер қай облысқа жұмысқа жіберлетіндігін белгілей бастаған. Ал, мені институттың партия бюросының хатшысы А. Закарин (кейін оқу министрі, университет ректоры болып қызмет атқарған Республикаға белгілі азамат) шақырып алып, Омбы қаласындағы педагогикалық училищеге барасың, өйткені Ресей Федерациясы биыл институт бітірген үш маман сұрап отыр, соның біріне сізді лайық деп есептедік деді. Бұл ұсынысқа қосыла алмайтындығымды білдіріп дәлелдеп кетіп едім, қатаң дауыспен – Сіз партия мүшесі екендігіңізді ұмытпаңыз! – деп кесіп айтты. Менің көнбеске шарам қалмады. Екінші жағынан, ол кездері тәртіп бойынша берілген жолдамада көрсетілген жерде міндетті түрде үш жыл жұмыс істеу керек, сонда ғана дипломың қолыңа тиеді. Сонымен мен Омбы облыстық оқу бөліміне келдім, бірден мені оқу бөлімінің меңгерушісінің қатарына апарды. Басшы алдында менің құжаттарым жатыр. Басшы салмақты, салиқалы орта жасты еңсерген, келісті азамат екенін байқадым. Менің жасыма қарамастан, едәуір уақыт бөліп әнгімелесті. Ақырында «Сізді біз алыстағы ауыл-село мектептерінің біріне баруды ұйғарып отырмыз», - деді. Ол кезде үлкен айтса, басып айтады, оны жастар мүдірмей орындауы тиіс деп есептейміз, ол басшының айтып отырған ұсынысын бөгетсіз қолдадым. Сөйтіп, мен алғашқы еңбек жолымды Омбы облысының Таврический ауданындағы Стахановка деп аталатын орта мектебінде бастадым. Аудандық партия комитеті дереу партиялық есепке алып, дереу үгіт-насихат жұмыстарын, жергілікті сайлауға байланысты комиссияның төрағасы, сол тәріздес т. б. қоғам жұмыстарын орындауды жүктеді. Мектептің педагогикалық ұжымында мен жалғыз ғана жоғары білімі бар мұғалім болдым. Ұжымының жартысы дерлік соғыс мүгедектері, тұрмыс ахуалына байланысты, көбі сырттай оқып 2 - 3 курстардан аспаған. Оқу жылының басында тарих, география пәндерінен сабақ бердім, ал 2-тоқсанда мені оқу ісінің меңгерушісі, мамыр айында мектеп директоры етіп тағайындады. Осы тұста мен небәрі 23 жаста едім, тәжірибе жоқтың қасы. Алайда, жастық жігер, күш-қайрат, іске жауапкершілікпен қарау, азаматты тез есейтіп, қанатын қатайта түстені барлығымызға мәлім.
Басты міндет - оқушыға беретін білім сапасын сол кезең талабына сай болуы. Біздің мектептің жоғары сынып оқушылары жақын маңайдағы жетіжылдық мектептен келіп оқитындар, олар үшін жасақталған мектеп жанында бюджеттік интернат бар. Мектептің оқу-тәрбие үдерісіндегі киелі мәселелерді басқару ісіне басшылық жасауды үйреткен аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Недовизий Захарий Лаврентьевич деген азамат болды.Ол педагогикалық кеңесті дайындап өткізу,мұғалім сабағына талдау- анализ жасау, әдістемелік және сыныптан тыс жұмыстар, жоспар жасау т. б. жолдарын көрсетіп, екінші келгенде олардың орындалуын қадағалап, ақыл-кеңесін айтатын. Бұл тұста мен үшін өз алдына бір мектеп ретінде болды. Менің үлкен жауапкершілікпен қарайтынымды, дұрыс орындалған істерімді атап айтып, өзімді қанатандырып кеткендей болатын.
Келесі оқу жылында біздің мектепте ерлі-зайыпты Чудутовтар деген мұғалімдер келді. Ұлты қалмақ, ол кезде бұлар жер аударылып, арнаулы тіркеу-бақылау орындары есебінде тұратын. А. Чудутов соғысқа дейін Астрахань қаласында екі жылдық мұғалімдік институттың физика- математика факультетін бітірген, майданда болып жарақаттанған, офицерлік лауазымы бар. Әйелі орыс тілінің  мұғалімі,  бірақ  сабақ беруге рұқсат берілмей, кітапханашы болып істеуге ғана мүмкіндік берді. Мектеп ұжымындағы ұстаздардың барлығы дерлік жаңашыл, шығармашылықпен жұмыс атқаратын педагогтар, деп айту қиын. Алайда, бүгін үлгі боларлық, өз ісімен ерекше айшықтала түскен ұстаздар да аз емес. Мен жоғарыда атаған ұстаздар сондай мұғалімдердің бірі болды. Мен сияқты жас басшыға ол ұстаздарға үйрететін жәйттер аз емес еді. Осыған дейін, физика мен математика пәнінің маманы болмағандықтан, әсіресе, жоғары сынып оқушыларының білімдері өте төмен болы. Алайда, тәжірибелі ұстаз бірер жыл ішінде бұл кемшіліктерді жоя білді. Оқушылар мен ата-аналар арасында жоғары беделге ие болды.
Ол өзі шебер де болатын. Геометрия мен тригонометрияға қатысты барлық фигураларды қолдан жасады, сабақта қолдана білді.  Тіпті, кейбір оқушылар «Квант» журналындағы қиын есептерді шығарып, журналдармен қарым-қатынас жасауға үйренді.  Үшінші  оқу  жылында А. Чудутов сияқты жаңашыл ұстаздардың қажырлы еңбегінің арқасында, Новосібір қаласындағы Сибирь академиясы бөлімі ғалымдарының бастауымен өткізілген «Бүкіл сібірлік оқушылар арасындағы сырттай өткізілетін олимпиадаға» математика пәні бойынша, ұжымымыздан қатысып, жүлделі орынға ие болды.

Тіпті мектебіміз жаңадан түлегендей болып, аудан көлемінде ауызға алына бастаған. Үш жылдағы еңбектің қорытындысы ретінде  соңғы оқу жылын бітірген түлектеріміздің барлығы дерлік өздері қалаған мамандық бойынша әр түрлі жоғары оқу орындарына түсті. С. Атығаев, Н. Шаймерденов Алматыдағы Таукен институтында, Қ. Сүлейменов Қарағандының дәрігерлік институтына, қалғандары Омбы қаласындағы ауыл шаруашылық және ветеринарлық институттарына түсті. Мұндай қорытынды қуанышты жаңалық ұжым мүшелері еңбегін одан әрі де жетілдіре түсуге мұрындық болды. Сонымен, аудандық партия комитеті мен оқу бөлімінің рұқсатымен үш жыл бойы жұмыс атқару мерзімі біткеннен кейін, заңға сүйіне отырып елге оралдым.
Павлодар  облысының  оқу  бөлім  меңгерушісі  В. Е. Гуляев  мектепте директор болып бар деген ұсынысына қарамастан, отбасы жағдайына байланысты Майқайың орта мектебіне оқу ісі меңгерушісіне бұйрық алып орналастым. Бұл өзім оқыған мектеп, ұжым педагогтары таныс адамдар. 1954 жылдың қыркүйек айының басында Баянауыл аудандық партия комитеті шақырып алып, мені Екібастұз поселкісіндегі № 2 орта мектепке директор болып баратынымды жариялады. 440 орындық жаңа мектеп оқу жылының басында пайдалануға берілген, барлық жабдықтары жаңа, сол  кезеңнің  тұрғысынан  қарағанда  сәулетті  ғимарат  болып  шықты. Облыс  бойынша  үлгі-жобамен  салынып  пайдалануға  берілген  жалғыз мектеп. 600-ден астам оқушылары бар, оның 400-дейі орыс тілінде, ал 200-і қазақ тілінде оқитын орта мектеп оқушылары болды.
Мектеп басшысы ретінде басты екі мәселеге көңіл аудару қажет болды, оның бірі – әр ұжымнан келіп орналасқан мұғалімдердің басын біріктіріп оқу-тәрбие үрдісін жақсартуға бағытталса, екіншісі – әр мектептен өзіне лайықсыз деп тапқан оқушыларды сабаққа, білімге ынтыландыру, оқушылардың тәртіп ережесін орындау ісіне жұмылдыру болды. Әсіресе, екінші түйінді орындау уақыт пен күнделікті бақылау, қадағалау ісін мейлінше тиянақты атқаруды қажет етті. Өйткені, орыс тілінде оқитын сынып оқушыларының ішінде екі-үш жылға үлгермей қалғандар, өз қатарластарынан жасы үлкендер мол болатын.
Бұлардың көбі дерлік «ығыр» болғандар, сабақ басталар алдында мектеп айналасында қашып жүретіндер болды. Міне, бұларды жөнге салу оңайғатүскенжоқ,ақыры ата-аналармен біріге отырып бұл қиыншылықты да ретке келтірдік. 50-ші жылдардың орта тұсы, 60-жылдардың басында оқушыларды мектеп қабырғасында еңбекке баулу, алған мамандықтары бойынша мектеп бітірген соң, еңбекке араластыру мәселесі қойылған кезең болатын. Міне, осыған байланысты еңбек сабақтарына байланысты жабдықтар, құрал-саймандар, түрлі станоктар мен жабдықтар мәселесіне көңіл аударылды.
Барнауыл қаласындағы «Главснабспрос» деген орын арқылы ағаш, темір шеберханасына қажетті жабдықтарды және бағдарламарға сәйкес станоктарды  алдырдық,  оқушылар  аса  бір  ыждихатпен  шеберханада жұмыс атқарып, күнделікті тұрмысқа қажетті заттар шығара бастаған. Ата-аналар жиналысының алдында балалар жасаған заттардың көрмесі ұйымдастырылып, оларды да қуанта түстік. Оқу жылының маусым айында семинар-кеңесі өтті. Бұл семинар біздің мектепте өтіп, оқу-тәрбие үрдісі сол кезеңнің, талабына сәйкес жүргізіліп жатқандағы айтылды, бұл педагогикалық ұжым мүшелеріне берілген жоғары баға еді.
1956 жылдың ақпан айында аудандық партия комитеті шақырып алып, мені аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Келесі жылдың маусым айының аяқ шенінде Қазақ КСРО Кеңесінің қаулысы бойынша Екібастұз жұмысшы поселкісіне қала статусы берілді. Мен облыстағы жоғары органдардан Екібастұз қаласына ауыстыруды сұрадым. Менің өтінішім қабылданып, қалалық оқу бөлімінің меңгерушісіне тағайындалдым.
Жаңа құрылып жатқан жас қалада жастар тәрбиесіне, оқу-тәрбие мәселелеріне байланысты күрделі шешілмеген мәселелер жетіліп артылатын. Өйткені, үлкен Екібастұз көмір кенішін игеруге бүкіл Кеңес Одағының әр түпкірінен адамдар ағылып келе бастады. Осы отбасылардың балаларын түгелдей мектеппен қамтып, сапалы білім, саналы тәрбие беру оңай шаруа болмады. Оқу жасындағы балалар мектепті тастап кеткендер, бір сыныпта 2 - 3 жыл отырып,  білімге  талпынысы  азайған  балалар аз болмай шықты. Сондай-ақ, мектепті тастап кеткен және қоғамдық тәртіпті өрескел бұзушы жастар қатары ай сайын молая түсті.
Мұндай жағдай оқу саласы мен жергілікті органдар басшыларын қатты  алаңдата  бастады.  Бұл  мәселені   шешу   жолдарын   қарастыру да қолға алынды. Соның бірі Украинаның Донецк облысына қарасты Горловка деген шахтерлер қаласында өндіріс, қоғамдық органдар және мектеп ұжымдары бірігіп, жас буындарды тәрбиелеуде атқарылып жатқан тәжірибе барлығы ауызға алынды. Міне, осы үлгілі тәжірибені зерделеп қайту мақсатында делегация жіберу ұйғарылды. Топты басқарушы қалалық атқару комитетінің төрағасы  Қ. Раздықов,  құрылыс  басшысы В. Голубев, мектеп басшылары - Р. Нұралина, И. Костенко және қалалық оқу бөлімінің меңгерушісі - Т. Шаймерденов болды.
Ол кезде Одақ бойында, қайда барам десең де, жол ашық, адамдар мейірімді, біріне бір шын ықыласпен көмектескісі келіп тұратын, аса бір жылылық сезімдері қалыптасқан мамыражай уақыт болатын. Біздерді украиндықтар көптен күтіп сағынып қалған бауырларындай қарсы алады. Қайда барсаң да, құшақ жайып қарсы алады. Біздің ізденіс- сұрауларымызға ілтипатпен жауап беруге тырысады.
Біздің байқап, көңілге түйгеніміз – әр шахтының шефтік қамқорлыққа алған мектептері бар, оларға жыл сайын мектептің материалдық- техникалық базасын жетілдіре түсуге қомақты қаржы бөлініп отыратындығы белгілі бір жолға қойылған. Алайда, біз ойлағандай бүкіл қала жұртшылығы болып біріге отырып, жастармен жүргізіліп отырған  тәжірибе  ісін  көре  алмадық.  Біздің  топ  өздерінің  көрген- білгендерін хабарлаған соң, калалық және облыстық басқарушы органдар, Горловка каласының жұртшылығы жастарды оку органдары мен жұмыс істеу тәжірибесі бар деген бағытты айтуымызды ұйғарды.
1962 жылы сәуір айының екніші жартысында Екібастұз каласында көпшілік бас қосқан мәжіліс болып,оның қорытындысында жасөспірімдерді шахта ұйымдары, өндіріс, құрылыс орындары, теміржолшылар және мектеп ұжымдары бүкіл қала жұртшылығы болып іске асыру жөнінде үндеу қабылданды. Барлық қаладағы өндіріс ошақтарында, ірі мекемелер жанында жастар тәрбиесіне арналған кеңестер ұйымдастырылды. Бұл кеңестердің жұмысына нақты бағыт беріліп, алға қойған міндеттердің орындалуын қалалық Кеңес басқарып отырды.
Сөз жоқ, Екібастұз қаласы еңбекшілерінің жастарды жан-жақты тәрбие, сапалы білім беруде үлкен рөл аткаратындығын байқаймыз. Алдымен, кала жүртшылығы, өндіріс, мекеме басшылары жастар тәрбиесі ертең біздің орнымызды ауыстырып келетін жас толқын тәрбиесі бүкіл қоғам мүшелерінің басты міндеттері екендігіне көздері жете бастады. Қала мектептерінің әрбір сыныптарын өндірістегі алдыңғы қатардағы жұмысшылар, бригада, ауысым, вахта мүшелері шефтік қамқорлыққа алды, олар балалардың үлгерімін, тәртібін және бос уақыттарын қалай өткізгендігін бақылап көмектесіп отырды.
Сондай-ақ, олар мектепте техникалық үйірмелер, спорттық секция- лар, түрлі жұмыстар мен жарыстарды ұйымдастыруда мұрындық болды. Мектепте тәрбие басында «қиын» деп есептелетін оқушыларға өндірістегі комсомол мүшелер өз камқорлықтарына алып, бала жүрегіне жол таба білді. Ал, ұстаздар қауымы өндіріс ошақтарына барып, педагогикалық тақырыптарға  арналған  әнгімелер,  лекцияларын  ұдайы  өткізіп  тұрды.
«Мектеп хабаршысы» атты газеттер шығарып, оқушылардың үлгерімі, тәртібі және т. б. тәрбиелік істер жайында хабарлар берді.
Әсіресе, бір топтағы, ауысымдық жұмыс атқаратын әріптестерінің өз баласының оқу мен тәртібіне немқұрайлы қарайтын әкелерге айтылатын «сын сабағының» мәні зор болды. Екібастұз қаласы еңбекшілерінің бұл бастамасын бір жылдан соң, Қазақстан Орталық партия комитетінің тексеру бригадасы келіп, оның қорытынды Орталық комитетінің бюросында қаралып дұрыс баға берілді. Қабылданған қауылыда Екібастұз қаласының бұл бастамасын қолдай отырып, бүкіл Республика бойынша іс жүзінде қолдану шаралары жүзеге асырылсын, деген міндеттеме берілді. Қала жұртшылығының игілікті істерін қолдануға талпынып үйренемін деушілер де аз болған жоқ.
Республиканың әр түпкірінен, тіпті көршілес ресейліктер делега- циялары келіп танысып жатты. Сондай-ақ, ҚСРО оқу министрлігінде бұл мәселе де зерделеніп, оқу орындарының бүкіл Одақ бойынша қолдауын арнайы жүктеді.
Екібастұз қаласында 1964 және 1978 жылдары Қазақстан Орталық Комитетінің  бастауымен  өндіріс-коғамдық  және  оқу  орындарының жастар   тәрбиесінде   бірігіп   іс-шаралар   жүзеге   асыру   тақырыбына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференциялар өтті.
Қорыта келе, бұл игілікті бастама қандай нәтиже берді. Бұл істердің қозғаушы күші жергілікті басшы органдары болғанын да атап айтуымыз керек. Міне, мұндай қат-қабат қызу еңбек үрдісі күндерінің бірінде облыстық оку бөлімінде В. Щербинко болатын. Басшы мені жылы шыраймен қарсы алып, бәсең дауыспен (біреу естіп қоймасын дегендей) мен облыстық партия комитетінің ғылым және оқу орындары деп аталатын бөлімге меңгеруші болып баратынын, ал сізді өз орныма лайықты деп ұсыныс жасадым, бұл тағайындау бюро бекіткеннен кейін күшіне енеді деп сөзін тәмамдады.
Сол күннің екінші жартысында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы мен кеңесті атқару комитетінің басшылары алдында болып, кездесуде сұрақтарына жауап бердім, бұл сол кезеңнің тексеруінің сатысы болатын. Ақыры 1965 жылдың 20-қаңтарында облыстық партия комитетінің бюросында облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі болып бекідім. Алайда, бұл қызметке келгенге дейін мектеп, аудандық, қалалық оқу бөлімдеріндегі жинақталған тәжірибе барлығы белгілі.
Өткен ғасырдың 60-жылдарының екінші жартысынан бастап, жастар- ға жалпыға бірдей міндетті орта білім беру күн тәртібіне қатаң койылды. Алдымен, мектеп жасындағы бірде-бір бала мектептен тыс қалмауы керек. Оқушының ата-анасының басқа қалаға көшуіне байланысты, сол барған жердің мектебінен хабар келгенде бұрынғы мектептің жауапты боларын кейбір осал басшылар осы мәселені осал карағандықтан жауапқа тартылатын. Екінші бір қиын мәселе мектеп және балабақша кұрылысын уақытында бітіріп, пайдалануға берілмеуіне де біздің бөлім жауапты болды, ай сайын құрылыс нысандарының орындалу мағлұматтарын алып, жоғары орындарға есеп берілетін.
Ол кезеңде жаңа объектілерді бақылау ісі де қиынға соғатын. Арнаулы бірізді жүйеде жабдықтау ұйымдары болмады. Болашақ жаңа мектеп басшылары Мәскеу, Киев т. б. қалаларға барып, көрнекі құралдары алыстан тасуға мәжбүр болатын. Облыс бойынша жыл сайын 12 - 15 мектеп үйлері, 8 - 10 балабақша пайдалануға берілетін. Бұл жылдары жаңа құрылыс қарқынды жүргізілді; 1979 - 1980 жылдар аралығында 24000 орынды 36 мектеп пайдалануға берілгенін айта кеткен жөн. 80-жылдардың алдында барлық ұжымшылар мен кеңшарлардың орталықтарында үлгілі жобамен салынған  мектептермен  қамтамасыз  етілді,  ал  аудан  орталықтарында 2 - 3 жыл жаңа жобамен салынған мектептер жастар игілігіне пайдалануға берілді.
Павлодар - Екібастұз өңірінде Одаққа белгі алып құрылыстың салы- нуы, өндірістің қарқынды өсуі, жұмысты кадрмен қамтамасыз ету талабын қойды. Әсіресе, отбасының екінші мүшесі жас әйелдерді еңбекке тарту мәселелері алға қойылды. Міне, осы тұста бөбектер мен балабақшаларды қарқынды  түрде  ұйымдастыру  алға  қойылды.  Облыстағы  ірі  өндіріс орындары: көмір және электр станциялары, трактор жасау, алюминий, ферроқорытпа, химия, мұнай т. б. заводтар жаңа үлгідегі 280, 320 орындық балабақшаларын салды. Оларда спорт, жүзу бассейндері, концерттік және басқа ойын залдары болды.  Қазақстанның  30 жылдығы, Победа атты ұжымшарлар бөбектерді үш мезгіл тегін тамақпен қамтыды. Міне, осындай қарқынды істің арқасында мектеп жасына дейінгі балалардың 80-жылдардың алдында 65 %-ды қамтиды. Бұл республика бойынша алдыңғы көрсеткіштердің бірі еді. Бұл мәселе жайында Т. Шаймерденов былай еске алады:
1973 жылдың ақпан айының екінші жартысында КСРО Оқу министрлігінің облыстық оқу-тәрбие ісінің барысы жайлы инспекторлық тексеру болатындығы жөнінде хабар алдық. Бұл топты КСРО оқу министрлігінің бірінші орынбасары Ф. Паначин басқарып келді, Респуб- ликаның оқу министрлігінің орынбасары Ә. Қанафин қосылды. Тексеру жарты айға созылды. Тексерушілердің көпшілігі дерлік ғалымдар, мектеп оқулықтарының авторлары болып шықты. Бригада мүшелері аудандарға, қалаларға аттанды. Алдымен екі министрдің орынбасарларының жанында болып мектептерді араладық. Күніне бес не алты сабаққа қатысқан кездеріміз болды.
Сабаққа талдау-анализ жасау оңай шаруа еместігі ұстаз қауымына белгілі жәйт. Алдымен бұл үрдісті Мәскеуден келген басшы қолға алып мұғалімге, мектеп директорына, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісіне сөз беріледі. Одан кейін, сабаққа талдау жасауға маған сөз беріп, соңында қорытындылайтын. Әлі есімізде, біздер Ф. Г. Паначин бастаған топ Екібастұз қаласындағы № 3 мектептің 9-сыныптағы география сабағына қатыстық.
Мұғалімнің қобалжығаны байқалады. Мәскеуден бастап облыс басшыларына дейін, мұндай құрылымды сабаққа қатысуы сирек кездесетін құбылыс екендігі белгілі. Сабақ орта деңгейде өтті. Алайда, балалардың білім сапасы жоғары екендігі байқалды. Балаға сапалы білім берудегі басты орын мұғалімнің сабағы. Сабақты дидактикалық тұрғыдан талдау жасай білу, әдістемелік тұрғыдан кеңес беру т. б., сабаққа қойылатын талаптарды орындау жайында айту барысының алдын-ала қайталап өтетіндігі белгілі. Сабақтың тақырыбы «Украина Республикасының ауыл шаруашылығы». Бұл сабақты талдау кезінде менің бұрын осы пәннен сабақ бергенімнің пайдасы тиді.
Соңынан ойластыра келсек, мектеп басшылығынан бастап, Республика оқу министрлігі өкілі, облыстық оқу бөлімі басшыларының сабаққа талдау жасай білуінің деңгейін анықтай білуге арналған «құпия» сынақ екендігі байқалды.
Тексеру кеңесінің екінші жартысында мәскеулік Озерская деген профессор 4-сыныпта орыс тілінен ашық сабақ беретіндігі жарияланды. Топ басшысы Ф. Г. Паначин де, біздер де бұл қалай болар екен, сынып балаларының білім де сабақ жүргізушіге беймәлім деген күдік алда тұрды.

Сабаққа қала мұғалімдері ғана емес, жақын аудан мүғалімдері, әдіскерлер, жергілікті оқу инспекторлары, тіпті басқа пән мұғалімдері мен мектеп басшылары қатысты.
Сабақ Павлодар қаласының № 7 мектептің акт залында өтті, жүзден аса адам қатысты. Бұл кезеңде 4 - 5 сынып оқушылары орыс тілінен жаңа бағдарламамен оқулыққа көшкен кез. Балалардың алдында тақта мен бордан басқа ештеңе жоқ. Балалар! - деп алғашқы сөзін бастаған профессор, сендердің алдарында 4-сыныптың орыс тілі кітабы бар, балалар «бар» деп шу ете түсті. Сендер осы оқулықтың авторына көңіл аударындар, осы оқулықтың авторы менмін, деп өзін таныстырды. Бұл сырттай қарағанда оқушылар мен мұғалім арасындағы байланыстың алтын көпіріндей көрінді, сабақ өз арнасына түсті, оқушылардың қызығушылығы артты, олар мұғалімнің сұрағына дұрыс жауап беріп, білетіндерін көрсетті. Сабақ барлық жағынан жоғары деңгейде өтті, қатысушылардың риза болғаны сондай, бәріміз бірден сабақ аяқталғаннан кейін, ду қол шапалақтадық.
Сонымен, жарты айға созылған инспекторлық тексеру жалпыға бірдей міндетті оқу заңының орындалуы (ол кезде бұл мәселе бірінші орында тұратын), оқу-тәрбие үдерісінің сапалық деңгейі анықталып, қорытынды облыстық партия комитетінің мәжілісінде қаралып, оң баға берілді. Облыс бойынша ұстаздар қауымының ерен еңбектері аталып өтті. Әрине, орын алып отырған кемшіліктер де айтарлық. Бұл іске қатаң да, әділ де жоғары білгір адамдармен қосыла отырып жұмыс атқару үлкен бір мектептен өткендей әсер қалдырды. Тексеруші топ Мәскеуге қайтып, Ф. Г. Паначин мен Д. Кузнецов (Оқу министрлігінің біздің республика бойынша бас инспекторы) Қазақстанның Орталық партия комитеті мен министрлер кеңесіне тексеру қорытындысын баяндауға Алматыға аттанды.
Екінші бір есте қаларлықтай жағдай, 1978 жылдың наурыз айының басында біздің облыс бойынша мектепке дейінгі тәрбие жұмысының жайын тексеруге КСРО Оқу министрлігінің он маманы келді. Бұл инспекторлық топты Оқу министрлігінің мектепке дейінгі тәрбие жөніндегі бас басқармасының басшысы Р. Курбатова, деген адам басқарып келді. Барлығы да салқын салиқалы білгірлер болып шықты.
Біздің өлкеде мектепке дейінгі білім беру жайында сөз қозғалды, оның алғашқы бастау алу тарихын айту орынды екендігі байқалады.
Өткен ғасырдың 20-жылдарының басында біздің Железинка селосының тұрғыны, шаруа адамы Путинцев көптеген жол қиындығына қарамастан, Кремльдегі өкімет басшысы В. И. Лениннің қабылдауында болады. Ата-аналар жұмыста жүргенде жас балалар қараусыз қалатын, ешқандай тәрбие жоғын айта кете, Павлодар уезіне балабақша ұйым- дастыруға көмек беруді сұрайды. В. И. Ленин бұл мәселенің дұрыстығын мақұлдай отыра, бүкіл Сибирь басшыларына балабақшаларын ұйымдастыруға басшылық жасауларын және Путинцевке тікелей көмек көрсетуі жөнінде нұсқаулық береді. Міне, мектепке дейінгі мекемелердің алғашқы қадамы осылай басталады. Павлодар қаласындағы ең алғашқы балабақша  1920  жылы  кеме  жөндеу  заводында  ұйымдастырылып, жұмыскерлердің 18 баласын қамтиды.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының басында біздің облыста балабақшамен қамту 65 % жеткен болатын. Бұл Республика және Одақ бойынша алдынғы қатардағы көрсеткіш болатын. Ұжымшарлар мен кеншарлардың түгелдей балабақшалары жұмыс істейтін. Алдарында ірі өнеркәсіптер мен құрылыс орындары үлгі жобамен салынған бірнеше балабақшалары болды.
Олардың көпшілігі 280 және 320 орындық спорт, жүзу бассейндері бар мекемелер еді. Бірнеше ұжымшарлар басшылары бастамашылығы көтеріп, балабақшаға жұмсалатын қаржыны өз мойындарына алды. Успенка ауданына қарасты «ҚазССР-ның 30-жылдығы» атты ұжымшар екі бірдей балабақшаны тегін тамақтандырып отырды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сондай-ақ, ірі өндіріс ошақтары: Екібастұз көмір өндірісі, трактор, алюминий, болат қорытатын зауыттары, ірі құрылыс ұжымдары бір-бірімен жарыса отырғандар балабақшалардың материалдық базаларын жылдан жылға байыта түсті. 1983 жылы наурыз айының басында Мәскеуден оқу министрлігінің біздің облыстағы мектепке дейінгі тәрбиенің мән-жәйі жөніндегі инспектордың тексеруі болатындығы хабарланды. Бұл оқу министрінің жоспары бойынша жүргізілмекші болатындығы ескерілді.
Әлі есімде, мереке күніне қарамастан, он маман сегізінші наурыз күні (бәрі де әйелдер)  тексеру  жұмысына  кірісті.  Комиссияның бастығы Р. Курбатова министрлікте мектепке дейінгі тәрбие жөнін- дегі басбасқармасының меңгерушісі сабырлы, салиқалы, аса жоғары мәдениетті адам екендігі бірден байқалды. Облыстың басшы орган- дарында болып, тексерудің мән-жәйін хабарлады.
Алайда, осы арада ескеретін бір жайт, біздер, пән мұғалімдері, бала тәрбиесінің жалпы педагогикалық, психологиялық принциптерін білгенімізбен, мектепке дейінгі жас буындардың тәрбие ісіндегі аса маңызды ерекшеліктерін білмейтіндігіміз айқын. Балабақшалардағы әр топтардың физиологиялық, психологиялық даму ерекшеліктерін терең зерделей отырып, тәрбие жұмыстарының бағыттары осыған лайықты жүргізілуі тиіс.
Тексеру ауқымы облыстың қалалары мен ауыл-селоларын қамтыды. Мәскеуден келген тексеру тобындағы ірі маман-ғалымдардан тағлым алу сәттері де көрініс тауып отырды. Топ басшысы Р. Курбатова балабақшалардағы 5 - 6 жастағы балалармен әңгіме өткізіп, олардың даму деңгейінің параметрлерін анықтауға бағытталғандығын байқадым. Жалпы алғанда, тексеру қорытындысы оңтайлы бағаға ие болғандығы байқалды.
Тексеру қорытындысы КСРО оқу министрлігінің алқа мәжілісінде қаралып, мен есеп беруші болдым. Бұл - менің аса жоғары лауазым алдында үшінші  рет  есеп  беруім.  Шындығында,  қандай  істің  болмасын  ауыр- жеңілін жауапкершілігі қаншалықты салмақтылығын адам өз басынан өткенде ғана білетіні мәлім. Бұл есеп беру, тек қана облыс, сол кезеңнің талабына сәйкес атқарылып жатқан істерді дұрыс дәлелдеп баяндау ғана емес, оның ар жағында тұрған республиканың оқу министрлігіне де сөз келтірмеу тұрғаны да ойыңыздан бір де кетпейтіндігі шындық.
Есеп беруге дайындалу кезеңінде педагог-мүғалімге беймәлім жәйттерді анықтап білуге тура келді. Мектепке дейінгі тәрбие алушы жас балғындардың физиологиялық және психологиялық даму ерек- шеліктері осыған байланысты белгіленген гигиеналық нормалар, тамақтандыру тәртібі, тіпті бала бойында кездесетін ауруларды қарату т. б. жайттарды білу аса қажет болды.
Бұл мәселелер жайында мамандардан кеңес алуға тура келді. Алқа мәжілісінде талқылау барысында, Орталық партия комитетінің өкілі - балабақшалардағы қазақ балалары орыс тілін қалай меңгереді, деңгейі қандай, деген сұрақ қойды. Балалар ұлтына қарамай бірге тәрбилеп өскендіктен орыс тілін жақсы меңгеретіндігін айттым. Өкіл менің жауабыма риза болғандай сыңай танытты. Кейін бұл сұрауды болжай келсем, оның қатпарында саясат жатқанын кейін түсіндім.
Есеп беру ойдағыдай өтті, тексеруді басқарып келген В. Курбатова жолдас маған ризашылығын білдірді. Есеп берудің қорытынды сипаты ретінде «Народное воспитание» деген орталық журналда (1983, № 3) менің «Дошкольное воспитание на новом подъеме» деген атпен мақалам жарияланды.
Менің өмірімдегі атаулы кезеңнің бірі - ғылым жолына түсу. Ғылымға тура баратын даңғыл жолдың жоқ екендігі, оның күн шалғай биігіне жету барысында сан қилы қиындықтардан өте отырып мақсатқа жетуге боларын осы іспен айналысқандардың бәріне де мәлім жәйт. Бұл күрделі іспен он жылдай айналыстым, менің диссертациялық тақы- рыбыма байланысты ғалымдардың еңбектерін ой елегінен өткізуге тура келді.
Сондай-ақ, Мәскеу қаласындағы В. И. Ленин атындағы атақты ірі кітапханада бернеше дүркін жұмыс атқардым. Ақыры, көп жыл бойы жал-құйрығын сипаттай жүрген диссертацияны «Совершенствованные системы контроля за преподаванием предметов гумманитарного цикла в условиях школьной реформы. На материалах школ с казахским языком обучения» деген тақырыпты ойдағыдай, кедергісіз қорғап шықтым. КСРО министрлер кеңесінің жанындағы ВАК (Жоғары аттестациялық комитет) аз уақыт ішінде бекітіп, педагогика ғылымдарының кандидаты деген диплом қолыма тиді, кейін доцент, профессор деген атақ-тіркестер де берілді.
Ендігі жерде саралап зерттеген ғылыми еңбектерімнің қорытындыларын ұстаздар қауымы мен мектеп басшыларының кәдесіне жаратуды ұйғардым. Оқу министрінің жарлығы бойынша мұғалімдер білімін жетілдіру институтында мен облыстық педагогика және психология деген кафедра ұйымдастырып, мұғалімдер курстарында, оқу семинарлар жүргізу оқу-тәрбие үрдісіне үздік тәжірибелерді тарату мақсатында педагог - ғалымдарды басын құрап жұмыс атқаруды ұйымдастыру алғаш- қы кезде қиындыққа түсті. Өйткені, ол кезде педагогика және психология тарапынан ғалымдар тапшы болды. Кафедра жүмысын жандандыра түсу мақсатында Мәскеу, Ленинград, Алматы, Барнауыл, Омбы қалаларындағы кафедра жүмыстарымен де танысуға келді.
Менің диссертациялық ғылым-зерттеу тақырыбым мектептегі оқу- тәрбие үрдістерін басқару, бақылау проблемаларына арналғандықтан, сол кезеңдегі озық тәжірибелермен ұштастыра отырып, оқу құралы есебінде кітап етіп шығаруға бет бұрдым.
Бұл кітапты жазу барысында менің бұл саладағы көп жылғы тәжірибем көмекке келді. Еңбек мектеп басшыларына арналғандықтан, олар үшін қандай-қандай мәселелерге көңіл аудару ескерілді. Бұл оқу құралы «Мектеп басқаруды жетілдіру» деген атпен 1991 жылы Алматыдағы «Мектеп» баспасынан 5000 дана болып бүкіл республика мектептеріне таратылды.
Бұл құралда оқу-тәрбие үдерістерін ғылыми-танымдық аспектілерімен қатар, оны іске асырудың жолдары айтылады. Сондай-ақ, мектеп басқаруда тәжірибесіз  жас  басшыларға  нақтылай   көмек   ретінде   қосымшалар да берілген, олардың бәрінде оқу-тәрбие істерін жоспарлау, мұғалім сабақтарына талдау-анализ жасаудың үлгілері берілген. Айта кететін бір жәйт, мектеп басқару жөніндегі ғылыми еңбек біздің республикада әлі де толық зерттелмеген, тың тақырып проблемаларына арналған еңбектеріне сүйене отырып, өңделіп, толықтырылып 1998 жылы «Мектепті басқарудың негіздері»  («Мектеп»  баспасы),  ал  2001  жылы  Алматы  қаласындағы «Ғылым» баспасынан шығарылып мектептерге таратылды.
1990 жылдары нарықтық экономикаға өту кезінде нысаналы себептер бойынша балалар мен жастар арасындағы тәрбие жұмысы күрт төмендеді. Сонымен қатар, кез келген  қоғамның  болашағы  бар.  Егер де ол өскелең ұрпақты лайықты етіп тәрбиелесе, онда ол өз кезегінде мемлекеттің  сәтті  дамуына  мүмкіндік  туғызады.  Осыған  байланысты «Тәрбие тағлымы» атты еңбегі жарық көрді.
Бұл еңбекте жалпы тәрбиенің ғылыми негіздері, маңызы мен мәні, міндеттері айтылған. Сондай-ақ, тәрбие үдерісінің түрлі салалары: отбасы тәрбиесі, халықтық педагогика және оның негіздері, қоғамдық саяси тәрбие, адамгершілікке тәрбиелеу негіздері, қоғамдық саяси тәрбие, еңбек, дене, эстетикалық, экологиялық және құқықтық тәрбие негіздері аталып көрсетілген үлгі ретінде сыныптан және мектептен тыс жүргізілетін тәрбие жұмыстары, педагогикалық ұжымның, сынып жетекшілеріне арналған қосымшалар берілген. Бұл еңбектің мектептегі жүргізілетін тәрбие үрдісіне өз пайдасын тигізгендігі даусыз.
С. Торайғыров атындағы мемлекеттік университетінің, Ж. Аймауытов атындағы этнопедагогика және білім берудің шығармашылық технологиялық  ғылыми  орталығының  ұйғаруы  бойынша  2006  жылы Т. Шаймерденовтің кезекті зерттеу еңбегі «Мектеп басқару менеджменті» атты кітабы облыс мектептеріне таратылды. Бұл еңбекте оқу-тәрбие үрдісін жетілдіре түсуді жоспарлаудың маңызды орын алатындығы айтылған.
Тәжібай Рахметоллаұлы халықтық білім беру ісіне өз үлесін қосу азаматтық парызым деп санады. 2009 жылы Т. Р. Шаймерденов Павлодар облысының Қазақ СРО еңбегі сіңген мұғалімдер туралы кітап  жазуды  ойлады. Осы адамдар туралы материалдар жинау қиынға соқты, жұмыс  барысында  мұрағаттық және мұражай құжаттарын өңдеуге, еңбегі сіңген ұстаздар ұжымының туысқандарымен кездесуге тура келді. Республикаға еңбегі сіңген мұғалімдер жайындағы болашақ кітап «Алтын қор» деген атпен жарық көріп, қазіргі ұстаздар игілігіне айналуға тиіс деп есептейді.
Бүгінгі күні ұстаздың ұзақ жылдардағы еңбек жолы білім саласында қызмет атқарып жүрген азаматтардың қай-қайсысына болмасын үлгі боларлық, деп есептеуге әбден болады.
Т. Р. Шаймерденовтің Павлодар облысындағы білім беруді дамытуға қосқан үлесі жоғары бағаланды. Ол екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, СРО Одағының бес медалімен, үш рет Қаз СРО Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды, он екі рет Павлодар облысының халық депутаттар Кеңесінің депутатына сайланды, екі рет 1975 – 1985 жылдары СРО Одағының жоғары мектептер және ғылыми мекемелер, оқу ісінің қызметкерлер кәсіподағының мүшесі болып сайланды.
Т. Р. Шаймерденов – Павлодар Инновациялық Еуразия университетінің педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор.
Қазақ СРО Жоғарғы Кеңесінің «ҚазСРО  еңбегі  сіңген  мұғалім» деген атақ берілген, 2012 жылғы 25 мамырда маслихат депутатының шешімімен «Екібастұз қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

 

 

 

Мемлекеттік қызметтер