Павлодар облысының білім беру басқармасы

Электрондық поштасы - kense.do@pavlodar.gov.kz

Қабылдау бөлмесі – 8 7182 32-09-65

Сенім телефоны:
8 7182 320560
Call-орталығы - 650060


 

ҚАЛДАНОВ ЕЛЕУКЕ ТӘТІНҰЛЫ

kaldanov    Қалданов Елеуке Тәтінұлы 1911 жылы 12 желтоқсанда Шарбақты ауданының Галкин ауылында дүниеге келді. Алғашқы еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысында заң мекемелерінде бастаған. 1935 - 1938 жылдар арасында баспа және денсаулық орындарында қызмет атқарған. Мұғалімдік еңбегін 1939 жылы Павлодар қаласындағы № 10 Абай атындағы мектепте бастаған. 1939 - 1941 жылдар аралығында Май, Лебяжі, Ақсу аудандарына қарасты мектептерде басшылық қызметін атқарған. 1941 - 1944 жылдары Лебяжі, Галкин аудандарында оқу бөлімінің меңгерушісі, ал 1944 - 1946 жылдары облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Кейін Ермак ауданына қарасты Ленин поселкісінің орта мектебінде, Павлодар қаласының кешкі жастар мектебінің директоры болып істеді. Елеуке Тәтінұлы Семей қаласындағы екі жылдық мұғалімдер институтын, одан соң 1955 жылы Семей педагогикалық институтының тарих факультетін толық бітіріп шығады.
Елеуке Тәтінұлынан тәрбие алған азаматардың естеліктерін келтіруді жөн  көрдік.  Солардың  бірі  Халел-қажы  Хаметұлы  көп  жылғы  мектеп директоры,  Екібастұз  қалалық  атқару  комитеті  төрағасының  бірінші орынбасары, Екібастұз қаласының құрметті азаматы былай деп еске алады: 1939 - 1940 оқу жылында бастауыш мектепті бітірдім. Әкеміз менің оқуымды жалғастыруымды қалады. Ол кезде 7 жылдық мектеп аудан орталығы Баянауылда және Павлодар қаласында еді. Үлкен ағайымыз Бекбергенов Кәрімұқан (журналист, көп жылдар бойы облыстық «Қызыл Ту»  газетінің  бас  редакторының  бірінші  орынбасары  болып  қызмет атқарған) екеуміз Павлодар қаласындағы Абай атындағы орта мектепте оқуымызды жалғастырдық.
Біздің сыныптың жетекшісі Елеуке Қалданов деген мұғалім. Қай оқушының болмасын есінен кетпейтін, үлкен әсер қалдыратын ұстазы болғаны анық. Сол ұстазым Елекең болды. Ол кісі сұңғақ бойлы, қою қара шашын артына қайырған, біз көрмеген костюм, ақ көйлекке таққан қоңыр галстугі өз бойына жарасып-ақ тұр. Біздің сыныптағы балалардың көпшілігі қала маңайындағы елді мекендерден келген оқушылар болып шықты.
Біз үшін қаланың түзу көшелері, электр жарығы, көшеде отырғызылған ағаштар, ертеде қызыл кірпіштен салынған үйлер мен дүкендер бәріне де біз таңырқай қарадық. Біздің жетекшіміз сабақтан тыс уақыттарда, демалыс күндерінде біз таңырқай қараған жәйіттердің бәрін   аралатып,   түсіндірумен   болды.   Сынып   жетекшіміз   бір   күні «Ертең, сенбі, дене шынықтыру сабағынан кейін, шаңғы, коньки тебуді бастаймыз», - деді.
«Үйдегі шаңғыларың мен сырғанақтарыңды ала келіңдер», - деп тапсырды. Мектебіміздегі ондай спорттық мүліктер болмайтын. Бір ғажабы жетекшіміз спорт киімін киіп, аяғына сырғанағын байлап, бізбен бірге мектеп алаңқайында жасалған мұздаққа келдік. Елекең сырғанақпен қалай сырғанаудың алғашқы әліппесін үйретіп, өзін үлгі есебінде көрсетіп те берді. Біз таң-тамашамыз. Міне, біздің алғашқы спортқа деген құштарлығымыз Елекеңнің үлгісінен басталды.
Зейнеткер, бұрынғы мектеп директоры – Ақсу қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Оразалы Жүсіпұлы Қахамбетов өз ойын былай деп баяндайды:
- Мен Киров атындағы мемлекеттік университетінің философия және тарих факультетін бітірген соң, 1955 жылы Павлодар облысы халықтық білім беру бөліміне жолдама алдым. Мұнда мені бұрынғы Каганов ауданына қарасты Ленин поселкесінің орта мектебіне оқу ісінің меңгерушісі етіп тағайындады.
Бұл орта мектепте мыңға жуық оқушы, бірнеше параллель сыныптары бар, орыс және қазақ тілінде оқытатын аралас мектеп. Жүзге жуық пән және бастауыш сынып мұғалімдері жұмыс істеді. Пән мұғалімдерінің көпшілігі әлі де жоғары білім ала алмай, сырттан оқитындар.
Менің теориялық тұрғыдан толыққанды білімім болғанымен мектептегі оқу-тәрбие үдерісіне және басшылық етуге байланысты тәжірибемнің аздығы белгілі. Алайда, мектеп директоры Елеуке Тәтінұлы бірнеше орталау және орта мектептерде басшылық қызметінде болып, мол тәжірибе жинаған басшы екен.  Алғашқы  күннен  бастап- ақ, ол ақжарқын мінезімен, бар ықыласымен өзінің бай педагогикалық тәжірибесімен бөлісуді ұдайы міндетім деп есептейтінін сезіндім.
Жұмысымның бастапқы кезінде отыздан астам сыныпқа сабақ кестесін жасаудың өзі маған қиындыққа түсті. Бұл ретте Елекең маған нақтылы көмекке келді. Екінші бір мені қиындыққа кездестірген мектептің оқу-тәрбие үдерісінің жылдық жоспарын жасау болды. Бұрыннан қалыптасқан дағды бойынша негізінен бұл жоспарды оқу ісінің меңгерушісі жасайды екен. Өткен оқу жылдарындағы жоспарларды қарап шықсам да оларға көңілім толмады.
Сол кезеңдегі мектептің білім беру мен тәрбие үдерісін жүргізу талаптары жоспарлардан нақтылы көрініс таппаған. Осы тұста айта кететін жәйт, жоғары басқарушы оқу орындарынан мектеп жұмысын жоспарлауға арналған нұсқау хат және әдістемелік қосымша материалдар жоқ болатын. Менің өз басымда қажетті әдістемелік нұсқаулар, мақалалар, т. б. әдебиеттерді жинау әдетім ертеде басталған еді.

Осы кезде менің қолыма Мәскеудің № 110 мектеп директоры Иван Кузьмич Никовтың «Руководство учебно-воспитательным процессом в школе» деген кітабы қолыма түсті, менің іздегенім табылғандай болды. Бұл еңбек көп жылдар бойы мектепті басқару кездерінде жазу үстелінің үстінен түскен емес.
Осы алғашқы оқу жылында қинала жүріп жасаған мектептің жылдық жоспарын Елеуке Тәтінұлы бірден құптады. Әсіресе оқу пәндерін оқытудағы, теориялық, практикалық және лабораториялық жұмыстарға арналған бөлімдер ол кісіні қатты қызықтырып, көңілінен шыққандай болды.
Мұғалімдермен әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыру, әдістемелік бірлестікті, пән секцияларын және ата-аналармен, сынып жетекшілермен жұмыс, оқу-тәрбие үдерісін басқару, бақылау, әдістемелік көмек көрсету сияқты бөлімдерге Елеуке Тәтінұлы едәуір өзгерістер енгізді. Сондай-ақ, мектептің шаруашылық, қаржы және материалдық базасын толықтыру мәселелерін өзі жазып беруді қолға алды. Қорытынды шығара отырып, мен мектеп басшысы болған кезде Е. Т. Қалданов маған үлкен қолдау көрсетті.
Бірнеше рет аудандық және облыстық педагогикалық оқуларға қатынасып, өзінің көп жылғы бай тәжірибесімен бөліскен Елеуке Тәтінұлының жас буынға сапалы білім, саналы тәртіп жолындағы ұзақ жылғы еңбектері елеусіз қалған емес.
Нәтижелі,  шығармашылық  жұмысы  үшін  Құрмет  грамоталармен, «ҚазСРО оқу үздігі», «КСРО оқу үздігі» белгілерімен марапатталған. Ал 1967 жылы Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесінің жарлығы бойынша Елеуке Тәтінұлына «ҚазСРО еңбегі сіңген мұғалім» деген жоғары атақ берілген.

 

 

 

Мемлекеттік қызметтер